Бас прокуратура: Қаңтар бойынша мыңнан астам адамға рақымшылық жасалды

Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапқан. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 10 мың адам ұсталып, оның 70 пайызы азапталған


14/12/2022
18:02 23816 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Қаңтар оқиғасы бойынша мыңнан астам адамға рақымшылық жасалды. Бұл жөнінде бас прокуратура өкілі Елдос Қилымжанов мәлімдеді. 

 

– Қазіргі кезде 1071 адамға рақымшылық жасалды. Атап айтқанда, тергеу органдары сотқа дейінгі кезеңде орташа ауыр қылмыс жасаған 8 күдіктіге қылмыстық қудалауды тоқтатты. Ал сотта тоғыз адамға қылмыстық істерді тоқтатты. Үкім шығарған кезде 77 адамның жаза мерзімі қысқартылды. Соттар сонымен бірге 902 сотталушының жаза мерзімін қысқартты. Оның 827-сі есеп беретін пробациядан, ал 75-і жазадан босатылды– деді Елдос Қилымжанов. 

Оның айтуынша, өткен айда рақымшылық заң аясында 60 адам – түрмеден, 68 адам пробациялық бақылаудан босатылған.

Бұған дейін құқық қорғаушылар рақымшылық Қаңтар кезінде бейбіт халыққа оқ атқандарды жауаптан жалтаруға жағдай жасайды деп қауіптенген. Себебі, заң жобасы бойынша "қорғану мақсатында" немесе "кездейсоқ адам өлтіру" бабы бойынша айыпталғандар да рақымшылыққа ілінуі мүмкін.

Ал бұған дейін бас прокуратура өкілдері Қаңтар бойынша айыпталған 49 полицейдің біреуі ғана рақымшылыққа ілінуі мүмкін екенін айтқан.

Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар халыққа оқ атқан күштік құрылым өкілдерінің істері "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша қаралып жатқанына да наразы.

Ресми дерек бойынша Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапқан. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, он мың адам ұсталып, оның жетпіс пайызы азапталған. 

 

Поделиться

Нет комментариев.

14/12/2022 18:02
23816 0

Уведомление